«Ломбард туралы» ереже
"ЛОМБАРД ТУРАЛЫ" ЕРЕЖЕ
Ереже қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жасалады, ол банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың бiр түрi болып табылатын ломбардтың құқықтық мәртебесiн, құрылуын, қызметiн жүзеге асыру және тоқтату тәртiбiн анықтайды.
I. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже ломбард қызметiнiң жалпы шарттарын, Қазақстан Ұлттық Банкiнiң (бұдан әрi – Ұлттық Банк) өкiлеттiгiн, ломбардтар құру және қызметiн тоқтату тәртiбiн, олар орындайтын банк операцияларының тiзбесiн, олардың қызметiн реттеу және бақылау ерекшелiктерiн белгiлейдi.
2. Ломбард – банк болып саналмайтын заңды тұлға, ол Ұлттық Банк лицензиясының (бұдан әрi – лицензия) негiзiнде банк операциялары мен қызметiнiң мынадай түрлерiн жүргiзуге:
ломбард операцияларын жүргiзуге: депонирленетiн өтiмдi бағалы қағаздар мен жылжымайтын мүлiктi кепiлге ала отырып қысқа мерзiмдi кредиттер беруге;
– бағалы металдардан (алтыннан, күмiстен, платинадан, платина тобындағы металдардан) жасалған ақшаларды, сондай-ақ бағалы металдардан және асыл тастардан тұратын зергерлiк бұйымдарды сатып алуға, кепiлге қабылдауға, есебiн жүргiзуге, сақтауға және сатуға;
– сейф операцияларын жүргiзуге: клиенттердiң бағалы қағаздарын, құжаттарын және құндылықтарын сақтау бойынша қызмет көрсетуге, бұған қоса сейф жәшiктерiн, шкафтарын және үйлердi жалға беруге;
– жалға берушiнiң жалға беретiн мүлкiне жасалған келiсiмнiң (лизингтiң) барлық қолданылу мерзiмiне меншiк құқын сақтай отырып жалға мүлiк беруге;
– заң талаптарына сәйкес кепiлге салынған мүлiктi сатуға құқылы.
3. Ломбард берiлетiн кредиттердi қамтамасыз ету үшiн азаматтардан кепiлге олардың меншiгiне жататын тек қана жылжымалы мүлiктi және депонирленетiн өтiмдi бағалы қағаздарды қабылдауды жүзеге асыруға құқылы.
4. Ломбардтың ресми мәртебесi заңды тұлғаны ломбард ретiнде Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеумен және Ұлттық Банк лицензиясының болуымен анықталады.
Мемлекеттiк тiркеу Ұлттық Банктiң ломбард ашуға берген рұқсаты (N 1 қосымша) және мәлiметтер негiзiнде жүзеге асырылады.
5. Ломбардтың қызметi Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiмен (жалпы бөлiм) K941000_ , «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметi туралы» Z952444_ , «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi туралы» Z952155_ , «Шаруашылық серiктестiктерi туралы» U952255_ Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар Жарлықтарымен (бұдан әрi – Жарлық) және қолданылып жүрген банк заңдарының талаптарына қайшы келмейтiн басқа заң актiлерiмен, сондай-ақ осы Ережемен реттеледi.
6. Ломбард өз қызметiн, тек ашық акционерлiк қоғамнан басқа, кез келген ұйымдық-құқықтық нысанда құруына болады және жүзеге асыра алады.
Ломбардтың Қазақстан Республикасы аумағында да, одан тыс жерлерде де филиалдар, өкiлдiктер және еншiлес ұйымдар құруға құқы жоқ.
7. Ұлттық Банк ломбардтарға өзi белгiлеген нысанда лицензия беруге уәкiлеттi Қазақстан Республикасындағы бiрден-бiр лицензиар болып табылады (N 2 қосымша).
8. Өкiметтi, атқарушы органдар мен сот өкiметiнен және жарғылық капиталының елу процентiнен астамы мемлекет иелiгiндегi ұйымдардан басқа, Қазақстан Республикасының резидент және резидент емес жеке және заңды тұлғалары ломбардтың құрылтайшысы және қатысушысы (акционерi) бола алады.
Мемлекет ломбардтың тек уәкiлеттi органының атынан ғана құрылтайшы немесе қатысушы (акционер) бола алады.
9. Ломбардтың жарғылық капиталының ең аз мөлшерiн Ұлттық Банк Басқармасы белгiлейдi.
Ломбардтың (мемлекеттiк кәсiпорын нысанында құрылған ломбардтан басқа) жарғылық капиталы тек қана акцияларды сатудан түскен ақшадан немесе құрылтайшылардың жарналарынан қалыптастырылады.
10. Құрылтайшылардың ломбардтың жарғылық капиталына өз капиталы шегiнде ақша салуына болады, мұнда басқа заңды тұлғалардың жарғылық капиталының акциялары мен қатысу үлесiне орналастырған олардың активтерiн есептен шығарып тастау керек. Ломбардтың жарғылық қорына төлеу үшiн кредитке, кепiлге алынған ақшаны және өзге де тартылған қаражаттарды пайдалануға тыйым салынады.
11. Қайта құрылған ломбардтың құрылтайшылық құжаттарында жарияланған жарғылық капиталын оның акционерлерi (құрылтайшылары) оны мемлекеттiк тiркеген кезде елу процент және лицензия алатын кезге қарай – оны тiркеген күннен бастап бiр күнтiзбелiк жыл iшiнде толық төлеуi тиiс.
II. Ломбард ашуға рұқсат беру туралы өтiнiштi қарау тәртiбi
12. Ломбард құрылтайшылық шарт негiзiнде (құрылтайшылар саны бiрден артық болғанда) құрылады және өзiнiң құрылтайшылық құжаттары мен Ұлттық Банк берген лицензияға сәйкес iс-әрекет етедi.
Құрылтайшылық құжаттар банк заңдарының талаптарын ескере отырып, Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жасалады.
13. Құрылтайшылық шартта қатысушылардың ломбардтан шығу жағдайлары, сонымен бiрге өзiнiң шығуы туралы басқа қатысушылары, 6 ай бұрын ескертуге мiндеттi екенi көрсетiлуi тиiс.
14. Ломбардтың құрылтайшылық құжаттарына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу қолданылып жүрген заңда белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
15. Ломбард ашуға рұқсат беру туралы өтiнiшке (өтiнiш берушiнiң тұрған жерi туралы ақпараттың болуы мiндеттi) мына құжаттар қоса берiлуi тиiс:
а) ломбард құратын құрылтайшылық құжаттар: жарғы, құрылтайшылық шарт (құрылтайшылар саны бiрден артық болғанда), жарғыны бекiту және ломбардтың органын тағайындау (сайлау) туралы құрылтайшылар жиналысының шешiмi;
б) заңды тұлға құрылтайшыларының құрылтайшылық құжаттары және олардың соңғы есеп беру күнiне бухгалтерлiк баланстары, заңды тұлға құрылтайшыларының қаржылық жағдайы туралы аудиторлық ұйымының (аудитордың) қорытындысы немесе жеке тұлғалардың салық органдарына берген олардың декларациясында көрсетiлген табысының мөлшерi туралы анықтама.
Бухгалтерлiк баланста (табысының мөлшерi туралы анықтамада) құрылтайшылардың жарияланған жарғы капиталын төлеуге ақшасының жеткiлiктi екенi расталуы тиiс;
в) ломбардтың басшы қызметкерi лауазымына тағайындауға (сайлауға) ұсынылатын адамдар туралы мәлiметтер (Ұлттық Банк Басқармасы бекiткен (1996 жылғы 29 ақпандағы N 50 қаулы) Банк құруға, қайта құруға рұқсат беру, банк операцияларын және өзге де банк қызметiн жүргiзуге лицензия беру қайтарып алу, оларды жою және тоқтату, филиалдар ашуға, олардың қосылуына және өкiлдiктер ашуға келiсiм беру, қайтарып алу Ережесiне N 5 Қосымшаның нысаны бойынша), оған мына ұсынымдар қосылмайды:
г) құрылатын ломбардтың егжей-тегжейлi ұйымдық құрылымы:
д) құрылатын ломбард қызметiнiң түбегейлi жоспарын, бағытын және қызмет ауқымын айқындайтын бизнес-жоспары, жыл iшiндегi қаржылық перспективалары (алғашқы үш қаржылық (операциялық) жылдағы бюджет, есеп айырысу, пайда мен шығындар шоты), еңбек ресурстарын тарту жоспары;
е) акционерлiк қоғам нысанында ломбард құрған жағдайда Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөнiндегi Ұлттық комиссиясы белгiлеген нысан бойынша акция шығару шарттары.
Құрылтайшылар туралы мәлiметтер осы Ережеде белгiленген нысандарға сәйкес қоса берiп отырады (N 3 және N 4 қосымшалар).
16. Егер бiр немесе одан да көп құрылтайшы Қазақстан Республикасының резидентi болмаған жағдайда, тиiстi мемлекеттiң мемлекеттiк немесе қадағалау органының ол осы тұлғаға Қазақстан Республикасы резидентi ломбардының жарғы капиталына қатысуына рұқсат беретiнi туралы жазбаша хабарландыруын немесе тиiстi мемлекеттiң мемлекеттiк немесе қадағалау органының мұндай рұқсат беру құрылтайшының мемлекетiнiң заңдарында талап етiлмейтiндiгi туралы мәлiмдемесiн беруi тиiс.
17. Ломбардтың басшы қызметкерлерi қайта сайланған жағдайда осы Ереженiң 15-тармағының в) тармақшасында көрсетiлген құжаттар ломбардтың уәкiлеттi органы тиiстi шешiм қабылдағаннан кейiн бiр ай iшiнде Ұлттық Банкке мiндеттi түрде жiберiлуi тиiс.
18. Ломбард Басқармасының Төрағасы және Байқаушы Кеңестiң Төрағасы (акционерлiк қоғам нысанында ломбард құрғанда) немесе директоры, сондай-ақ бас бухгалтерi ломбардтың басшы қызметкерлерi болып саналады.
19. Ломбард Басқармасының Төрағасы және Байқаушы Кеңестiң Төрағасы немесе директоры лауазымына кандидат тағайындау үшiн оның жоғары бiлiмi, ломбардтың бас бухгалтерiнiң – жұмыс бейiнiне сай жоғары немесе орта бiлiмi болуы, сондай-ақ олардың заңда белгiленген тәртiппен өтелмеген немесе алынбаған сот жазасы болмауы мiндеттi шарт болып табылады. Жарлықтың 20-бабының 3-тармағының в) тармақшасында келтiрiлген негiздер бойынша адамдарды ломбардтың басшы қызметкерi лауазымына тағайындауға болмайды.
20. Ұлттық Банк ломбард ашуға рұқсат беру жөнiндегi құжаттарды олардың толық пакетiн қарауға берген күннен бастап бiр ай iшiнде қарайды. Құжаттарды жазбаша ескертулермен қайтарған жағдайда немесе құжаттар пакетiнiң толық болмауына байланысты оларды қарау мерзiмi қайта есептеледi.
21. Мынадай негiздердiң кез келгенi бойынша ломбард ашуға рұқсат беруден бас тартады:
а) құрылтайшылық құжаттардың қолданылып жүрген заңдарға сай келмеуi;
б) ломбард атауының Жарлықпен белгiленген талаптарға сай келмеуi;
в) ломбардтың жарғылық капиталы мөлшерiнiң, құрамының және құрылымының банк заңдарының талаптарына сай келмеуi;
г) ломбард құрылтайшыларының (акционерлерiнiң) қаржы жағдайының тұрақсыздығы;
д) ломбардтың басшы қызметкерлерi лауазымына кандидаттардың осы Ереженiң талаптарына сай келмеуi;
е) қайта құрылатын ломбардтың бизнес-жоспарында және өтiнiш иесi ұсынған өзге құжаттарда:
– алғашқы үш қаржылық (операциялық) жыл өткен соң ломбард қызметiнiң рентабельдi болатынын;
– ломбард тәуекелдi шектеу талаптарын сақтауға және басқарудың тиiстi құрылымын жасауға ұмтылатынын;
– ломбард өз қызметiнiң жоспарына сай келетiн ұйымдық құрылымы бар екенiн;
– ломбард өз қызметiнiң жоспарына сәйкес есепке алу және бақылау
құрылымы бар екенiн көрсетпесе.
22. Осы Ереженiң 15, 16 және 19-тармақтарындағы талаптарды сақтамаған жағдайда ломбард ашуға рұқсат беруге болмайды.
23. Ұлттық Банк өтiнiш берушiге қабылданған шешiм туралы жазбаша хабарлайды. Жазбаша хабарландыру ломбард ашуға рұқсат беру туралы өтiнiште көрсетiлген мекен-жайға жолданады.
24. Ломбард ашуға рұқсат беру туралы шешiмдi Банктiк қадағалау департаментiне жетекшiлiк ететiн Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары қабылдайды.
Ұлттық Банк ломбард ашуға берiлген (қайтарып алынған) рұқсаттардың есебiн жүргiзедi.
25. Құрылтайшылар ломбардты мемлекеттiк тiркеуден өткiзу үшiн Ұлттық Банктiң ломбард ашуға берген рұқсатын алған күннен бастап бiр айдан кешiктiрмей Әдiлет министрлiгiне құжаттарды беруге мiндеттi.
26. Ломбард ашуға берiлген рұқсат Ұлттық Банк ломбардқа лицензия беру туралы шешiм қабылданғанға дейiн заңды күшiн сақтайды.
Ломбард өзiне ломбард ашуға берiлген рұқсатты өз еркiмен қайтаруға және белгiленген заң тәртiбiмен басқа ұйым ретiнде қайта тiркелуге құқылы.
Ломбард өзiне лицензия берiлгенде немесе ломбардтың қызметiн тоқтату туралы сот шешiм қабылдағанда ломбард ашуға берiлген рұқсатты Ұлттық Банкке қайтаруы тиiс.
27. Ұлттық Банк ломбард ашуға берiлген рұқсатты осы Ереженiң 57-тармағында айтылған негiздер бойынша қайтарып алуы мүмкiн.
III. Ломбардқа лицензия беру негiздерi мен тәртiбi
28. Лицензия алу үшiн өтiнiш-берушi:
– барлық ұйымдастыру-техникалық шараларды орындауы, сонымен бiрге Ұлттық Банктiң нормативтiк талаптарына сай үй мен жабдықтарды дайындауды, сондай-ақ тиiстi маман қызметкерлердi жалдауы;
– жариялы жарғылық капиталды төлеуi;
– операциялар жүргiзудiң жалпы шарттары, ломбардтың iшкi тәртiбi туралы Ереженi беруi тиiс.
29. Лицензия беру туралы өтiнiшке қоса Ұлттық Банктiң Банктiк қадағалау департаментiнiң және Қолма-қол ақшамен және бағалы металдармен жұмыс жөнiндегi басқарманың өкiлдерiнiң қатысуымен (немесе олардың тапсырмасымен Ұлттық Банктiң филиалдары) белгiленген тәртiппен жасалған, үйдiң техникалық дайындығы туралы актi түрiнде ресiмделген ломбард құрылтайшыларының ұйымдастыру-техникалық шараларды орындауы туралы мәлiметтер берiлуi тиiс.
30. Осы Ереженiң 28-тармағында белгiленген талаптардың кез келген бiреуi сақталмаған жағдайда лицензия берiлмейдi.
31. Ұлттық Банк лицензия беру туралы өтiнiштi оны барлық тиiстi құжаттарымен қоса қабылдаған күннен бастап бiр айдың iшiнде қарауы тиiс.
Лицензия беру (күшiн жою) туралы шешiмдi Ұлттық Банк Басқармасы қабылдайды.
32. Лицензия шектеусiз мерзiмге берiледi, ол атаулы болып табылады және үшiншi адамға беруге болмайды.
Ломбардқа банк операцияларын жүргiзуге лицензия берiлгенi туралы шешiм Ұлттық Банктiң ресми басылымдарында жарияланады.
33. Лицензия берiлгенi үшiн мөлшерi мен төлеу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленетiн алым алынады.
34. Банк операцияларын жүргiзуге берiлген лицензияның тиiстi түрде куәландырылған көшiрмесi, сондай-ақ операциялар жүргiзудiң жалпы шарттары туралы Ереже ломбард клиенттерiне көрiнетiн жерге орналастырылуы тиiс.
IV. Қабылдау пункттерiн ашу тәртiбi және пункттердiң техникалық дайындығына қойылатын талаптар
35. Ломбард өзiнiң қабылдау пункттерiн (бұдан әрi – пункт) ашуға құқылы.
Пункт – ломбард тұрған жерден тыс жерге орналастырылған, заңды тұлға болып есептелмейтiн, ломбардтың құрылымдық бөлiмшесi. Ломбард өз пунктiнiң мiндеттемелерi бойынша толық жауап бередi.
Пункттiң ломбардпен бiрдей балансы және ломбардтың атауымен бiрдей атауы, сондай-ақ оған Ұлттық Банк берген номерi болады.
Пункт Ұлттық Банктiң (мұндай құқық берiлгенде – оның филиалының) пункт ашуға жазбаша келiсiмi болған жағдайда ломбардтың сенiмхаты негiзiнде жұмыс iстейдi.
36. Пункт банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын банктерде немесе ұйымдарда банктiк шот ашуға құқы жоқ.
Пункттiң қызметкерлерi материалдық жауапты адамдар құқын берiле отырып құзырлы органдар арқылы тағайындалады және қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жауап бередi.
37. Ломбард пункт ашу үшiн Ұлттық Банкке (мұндай құқық берiлгенде – оның филиалына) пункт ашуға келiсiм беру туралы өтiнiштi және тиiстi дәрежеде куәландырылған пункттiң қызметiн жүзеге асыруға ломбардтың сенiмхатының көшiрмесiн бередi.
38. Ломбардтың пунктiн ашуға келiсiм беру туралы мәселе бiр ай iшiнде қаралуы тиiс.
39. Пункттердiң техникалық дайындығына қойылатын талаптар айырбастау пункттерiне қойылатын талаптарға сәйкес болуы керек.
40. Ұлттық Банк (мұндай құқық берiлгенде – оның филиалы) әрбiр пункттi ашуға келiсiм беру туралы шешiмдi ломбард пункттiң қалыпты жұмысын қамтамасыз ету бойынша барлық көзделген ұйымдастыру-техникалық шараларды орындағаннан кейiн қабылдайды.
41. Пункт ашу бойынша хат пен құжаттардың көшiрмесi (өтiнiш, сенiмхат, тексеру актiсi) пункт ашуға келiсiм беру туралы шешiм қабылдаған соң 10 күннiң iшiнде Ұлттық Банкке берiлуi тиiс.
V. Ломбардтың қызметiн ұйымдастыру және реттеу
42. Ломбард өз қызметiн Операциялар жүргiзудiң жалпы ережесi және
iшкi ережелерi болғанда ғана жүзеге асыруға құқылы.
43. Операциялар жүргiзудiң жалпы ережесi және iшкi ережелерiн жоғары
орган басқармасы бекітуі тиіс және келесі мәліметтер мен процедураны
қамтуы керек:
а) берiлетiн кредиттердiң шектi сомалары және мерзiмдерi;
б) берiлетiн кредиттер бойынша сыйақы (мүдде) ставкасының шектi
мөлшерi;
в) кредиттер бойынша сыйақы (мүдде) төлеу шарттары;
г) ломбард қабылдайтын қамтамасыз етуге қойылатын талаптар;
д) көрсетiлетiн қызметтер үшiн ставкалар мен тарифтер;
е) ломбард пен оның клиентiнiң құқықтары мен мiндеттерi, олардың
жауапкершiлiгiнiң басталу шарттары;
ж) кепiлдiк билетiн жоғалтқан жағдайда кепiл берушiге оның көшiрмесiн
беру тәртiбi;
з) қажеттiлiгiне қарай өзге де шарттар.
44. Ломбардтың iшкi ережелерiн ломбардтың уәкiлеттi органдары бекiтуi
тиiс және:
а) ломбардтың құрылымын, қызметiн және ломбардтың құрылымдық бөлiмшелерiнiң (пункттерiнiң) (егер олар бар болса) өкiлеттiгiн;
б) ломбардтың құрылымдық бөлiмшелерi (пункттерi) (егер олар бар болса) басшыларының құқықтары мен мiндеттерiн;
в) ломбардтың лауазымды адамдары мен қызметкерлерiнiң олар мәмiлелердi өз атынан және өз есебiнен жүзеге асырған жағдайдағы өкiлеттiктерiн белгiлеуi тиiс.
45. Ломбардтың өз қатысушыларының (акционерлерiнiң) шешiмiмен кредит қызметi шығындардың орнын жабу үшiн резервтер (провизиялар) қалыптастыруына болады.
46. Ломбардтың құзырлы органының шешiмiмен кредит комитетi құрылуы мүмкiн.
47. Ломбард клиенттермен мәмiленi кепiл берушi паспортын немесе жеке басын куәландыратын өзге құжатын көрсеткенде ғана жасайды.
Ломбардтың жылжымайтын мүлiкке кепiлге кредиттер беруiне құқы жоқ.
48. Ломбардтағы кепiлге салынған заттар туралы Шартты ломбард кепiлдiк куәлiгiн бере отырып ресiмдейдi, оның нысанын ломбардтың өзi белгiлейдi, онда N 5 қосымшада көзделген мәлiметтердi мiндеттi түрде көрсетуi тиiс.
49. Ломбардтың кепiлге салынған заттарды пайдалануына және өкiмдiк жүргiзуiне құқы жоқ. Егер ломбард кепiлге салынған заттардың жоғалуы немесе бүлiнуi дүлей күштiң салдарынан болғанын дәлелдей алмаса, жоғалған және бүлiнген заттар үшiн жауап бередi.
Ломбардтағы мүлiк кепiлiмен қамтамасыз етiлген кредит сомасы белгiленген мерзiмде қайтарылмаған жағдайда, ломбард нотариустың орындау жазбасы негiзiнде бiр ай мұрсат беру мерзiмi өтiсiмен кепiлге салынған мүлiктi сатуға арналған заңда белгiленген тәртiппен оны сатуға құқылы. Мұнан соң егер тiптi кепiлге салынған мүлiктi өткiзгенде түскен сома оларды толық қанағаттандыру үшiн жеткiлiксiз болса да ломбардтың борышқор-кепiл берушiге талаптарды шығынға жазылады.
Ломбардқа өткiзiлген мүлiктiң кепiлдiк билетi жоғалған жағдайда, ломбард оның көшiрмесiн мүлiк иесiнiң жазбаша өтiнiшi бойынша және жеке басын куәландыратын құжаттарды көрсеткенде бередi.
50. Ломбардтар өздерi жүргiзетiн операцияларының есебiн шаруашылық жүргiзушi субъектiлер үшiн белгiленген бекiтiлген бухгалтерлiк есеп стандарттарының тәртiбiне сәйкес жүзеге асырады.
Ломбардтың бухгалтерлiк есебiнiң саясатын оның жоғарғы басқару органы белгiлейдi.
51. Бухгалтерлiк және өзге де есептердiң тiзбесi мен нысандары қолданылып жүрген заңдармен белгiленедi.
Ломбардтар бухгалтерлiк есеп жүргiзгенде және есеп жасағанда пайдаланатын құжаттардың қатаң есебiн жүргiзудi және сақтауды қамтамасыз етуге мiндеттi.
52. Ломбардтар Ұлттық Банкке тоқсан сайынғы баланс пен қаржылық қорытындылар туралы есептi есеп берiлiп отырған тоқсаннан кейiнгi айдың сегiзiнен кешiктiрмей, сондай-ақ салық инспекциясы куәландырған бухгалтерлiк есептi жыл сайын 1 сәуiрден кешiктiрмей беруге мiндеттi. Бухгалтерлiк есептен басқа, ломбардтар ай сайын Ұлттық Банкке есеп берiлiп отырған айдан кейiнгi айдың 10-нан кешiктiрмей N 6 Қосымшаның нысаны бойынша мәлiметтер беруге мiндеттi.
53. Ломбардтардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының ақша-кредит жүйесiн бiрқалыпты ұстап тұру мақсатында Ұлттық Банк ломбардтарға қатысты ломбард қызметiн реттеудi мынадай жолдармен жүзеге асырады:
– ломбардтар орындауға мiндеттi нормативтiк құқтық актiлердi басып шығару;
– ломбард қызметiн инспекциялау (тексеру);
54. Ломбард қызметiн инспекцияларды Ұлттық Банк өзi не басқа ұйымдарды тарта отырып жүргiзедi.
Ломбардтар Ұлттық Банктiң тексеру үшiн көрсеткен тапсырмасына байланысты мәселелер бойынша инспекциялайтын органға көмектесуге, сондай-ақ кез келген лауазымды адамдар мен қызметкерлерден жауап алу және ақпарларды тексерудi орындауға қажеттi кез келген құжаттарды алу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
Ұлттық Банк қызметкерлерiнiң ломбард қызметiн тексеру барысында алған мәлiметтердi жариялауына не үшiншi адамға беруiне болмайды.
Инспекициялау жүргiзушi адамдар ломбард қызметiн тексеру барысында алынған және коммерциялық құпиясы бар мәлiметтердi жария еткенi үшiн жауап бередi.
VI. Ломбард қызметiн шектеу және тоқтату тәртiбi
55. Ломбардтың қолданылып жүрген заң нормаларын, осы Ереженiң талаптарын және Ұлттық Банктiң басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiн бұзғаны үшiн оған санкциялар қолданылуы мүмкiн. Ұлттық Банктiң ломбардқа санкция ретiнде мынадай шараларды қолдануына құқы бар:
а) Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленген негiздер бойынша айыппұл салу және өндiрiп алу;
б) осы Ережемен белгiленген негiздер бойынша лицензияны тоқтату не күшiн жою;
в) ломбардтың басшы қызметкерiнiң (қызметкерлерiнiң) қолданылып жүрген заң талаптарына сай келмейтiндiгiн тануға жеткiлiктi деректер негiзiнде осы мәселенi ломбардтың тиiстi органы қарағанға дейiн, Байқаушы кеңестiң төрағасы мен мүшелерiнен басқа, (ломбардты акционерлiк қоғам нысанында құрған жағдайда) ломбардтың басшы қызметкерлерiн қызметтiк мiндеттерiн орындаудан шеттету.
56. Барлық немесе жекелеген банк операцияларын жүргiзуге берiлген лицензияларды тоқтату не күшiн жою мына төмендегi негiздердiң кез келгенi бойынша жүргiзiледi:
а) ломбард қызметiнiң барысында осы Ереженiң талаптары сақталмаса;
б) жүргiзетiн операциялары бойынша ломбардтың шарт мiндеттемелерiн ұдайы (он екi күнтiзбелiк ай iшiнде қатарынан үш және одан да көп рет) тиiстi түрде орындамаса;
в) осы Ережеде белгiленген операцияларды жүргiзудiң жалпы шарттарын ашу бойынша мiндеттерiн орындамаса;
г) Ұлттық Банкке есеп пен мәлiметтердi бермесе немесе олардың дұрыс еместiгiн бiле тұра берсе;
д) Ұлттық Банктiң нормативтiк құқықтық актiлерiн бұзса не оның жазбаша нұсқауларын орындамаса;
е) ломбардтың осы Ережемен, ломабардтың жарғысымен және лицензиясымен, белгiленген өзiнiң құқықтық ауқымының шегiнен тыс операцияларды жүзеге асырса;
ж) ломбардтың өз қызметiн қайта ұйымдастыру не тарату жолымен ерiктi түрде тоқтату туралы шешiмi;
з) сот ломбард қызметiн тоқтату туралы шешiм қабылдаса.
Ұлттық Банк банк операцияларын жүргiзудiң бұзылу сипатына қарай оны тоқататады не оның барлық не жекелеген түрлерiн жүргiзуге берiлген лицензияның күшiн жояды. Лицензияның күшiн жою банктi қайта тiркеуге немесе қызметiн тоқтатуға негiз болып табылады.
57. Ломбардты ашуға берiлген рұқсат мынадай негiздердiң кез-келгенi бойынша қайтарып алынады:
а) заңды тұлғаның ломбард ретiнде мемлекеттiк тiркелген күннен бастап бiр жыл iшiнде рұқсат беруге негiз болған мәлiметтердiң жалған екендiгi байқалса;
б) заңды тұлға ломбард ретiнде мемлекеттiк тiркелген күннен бастап бiр жыл iшiнде лицензия алмаса;
в) заңды тұлға ломбард ретiнде мемлекеттiк тiркелген күннен бастап бiр жыл iшiнде жарияланған жарғылық капиталды төлемесе;
г) ломбард ретiнде тiркелген заңды тұлға қолданылып жүрген заңдарда көзделген қызметтiң шарттарын бұзса.
Ұлттық банк Басқармасының ломбард ашуға берген рұқсатын қайтарып алуы туралы шешiмi заңды тұлғаның қайта тiркелуiне немесе қызметiн тоқтатуына негiз болып табылады.
58. Ломбард:
а) Ұлттық Банктiң рұқсаты болған жағдайда (ерiктi тарату), оның құрылтайшыларының (акционерлерiнiң) шешiмi бойынша;
б) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда (ерiксiз тарату), соттың шешiмi бойынша таратылуы мүмкiн.
VII. Қорытынды ережелер
59. Ломбардты қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарда көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
60. Ломбард немесе мемлекет өзiне ерекше жауапкершiлiк алған кездерде болмаса, ломбард мемлекеттiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейтiнi сияқты, мемлекет те олардың мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
Мемлекет ломбардтың мiндеттемелерi бойынша оның жарғылық капиталына салған қаражаты шегiнде жауап бередi.
61. Қазақстан Республикасының заңдарында тiкелей көзделгеннен басқа жағдайларда мемлекеттiк органдардың және олардың лауазымды адамдарының ломбардтың қызметiне кез келген түрде араласуына тыйым салынады.
62. Осы Ережемен реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледi.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Төрағасы N 1 қосымша Ломбард ашуға арналған Рұқсат 1997 жылғы "__"____________ N_______ ___________________________________________________________________ (ұйымдық-құқықтық нысандары көрсетiлген ломбардтың толық атауы) Орналасқан жерi ___________________________________________________ (индекс, облыс, аудан, қала, көше, ғимараттың нөмiрi)
Аталған ломбард әдiлет органдарында осы рұқсат берiлген күннен бастап 1 күнтiзбелiк жыл iшiнде мемлекеттiк тiркеуге жатады. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi ұйымдық шараларды аяқтау және банк операцияларының жекелеген түрлерiн өткiзуге ломбард үй-жайының даярлығын тексеру, _____________ теңге сомасындағы жарғылық капитал толық төленгеннен кейiн банк операцияларының жекелеген түрлерiн өткiзуге лицензия беру туралы мәселенi қарайтын болады. Осы рұқсатты ломбард банк операцияларының жекелеген түрлерiн өткiзуге ломбардқа лицензия берген кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне қайтарады.
Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары